Термин 
ӘКІМШІЛІК СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ

Мүдделі адамдарға басымдық беру мақсатымен іс жүзіндегі заңдар мен ережелерді әдейі өзгерту.

БЕЛСЕНДІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ

Өзіне жүктелген міндетіне қарамастан, белгілі бір адамның тікелей немесе басқа біреу арқылы мемлекеттік қызметкерге не басқа адаммен белгілі бір істі орындайтыны не кедергі болатыны туралы алдын ала келісуі.

ТҰРМЫСТАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ

Мемлекеттік қызметке кірісерде лауазымды тұлғалардың қарапайым азаматтармен келісімге келіп, қызметін асыра пайдалануы.

ПАРА

Қазақстан Республикасының заңнамасы: мемлекеттік қызметтегі немесе соған теңестірілген адамның не жауапты мемлекеттік қызметтегі адамның, не лауазымды тұлғаның, сондай-ақ шет мемлекет не халықаралық ұйымдағы лауазымды тұлғаның тікелей не біреу арқылы ақша, құнды қағаз не басқа зат түріндегі, мүлік сипатты түсімдерге өзі ие болуы не басқа біреуге алып, істі пара берушінің не соған септескен адамның пайдасына шешуі, қызмет орнын пайдаланып, қамқорлығына алуы, арашалап алуы.

Transparency International: іске кірісу үшін ынталандыру ретінде бопсалау, ұсыныс, уәде, пара беру. Пара сыйлық, қарыз, жинақ, марапат т.б. түрде (салық, сый-сияпат, көмек т.с.с.) болуы мүмкін.

Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігі: лауазымды тұлғаның қызмет орнын пайдалана отырып, пара берген адамның мүддесін көздеу үшін материалдық құндылыққа (зат, ақша, қызмет т.б. жеке бастың пайдасы) ие болуы.

ПАРАҚОРЛЫҚ

Заңға қайшы әрекет етіп, істі пара берушінің мүддесіне сай шешу үшін ақша, құнды заттар (пара) алу. Парақорлық – мемлекеттік билікке, мемлекеттік қызмет пен жергілікті өзін өзі басқару органдарының мүддесіне қарсы екі дербес бөлікті қамтитын қызметтік қылмысты қамтитын жинақтаушы термин. Бұлардың қай-қайсысы да жеке-дара орын алмай, өзара тығыз байланысты қылмыстар саналады. Яғни, пара берілмесе, пара алынбайды да.

АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ

Мемлекеттің жеке компаниялар мен жеке адамдардан сыбайлас жемқорлық арқылы жымқырылған мүлкін қайтаруға байланысты заңды үдеріс.

ӘДІЛ СОТТЫҢ ЖҮЗЕГЕ
АСУЫНА КЕДЕРГІ БОЛУ

Қазақстан Республикасының заңнамасы:әділ соттың жүзеге асуына жол бермеу үшін соттың қызметіне араласу. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының жан- жақты, толыққанды, айқын болуына тосқауыл болу мақсатымен сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жүрген прокурордың не басқа да тұлғаның қызметіне килігу.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ конвенциясы:күш көрсету, қорқытып-үркітіп, қоқан-лоқы көрсету, жалған ақпарат бергізу мақсатымен заңсыз әрекеттерге бару, куәлік беру, айғақ көрсету үдерісіне араласу т.с.с. конвенцияда көрсетілген қылмыстар жасау.

БОПСАЛАУ

Қандай да бір іске кірісу не кедергі болу үшін қандай да бір құндылықтарды талап ету. Бұл қысым көрсету арқылы, қорқытып-үркіту арқылы да жүзеге асады.

ІСКЕРИ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ (ЭКОНОМИКАЛЫҚ, КОРПОРАТИВТІ)

Жеке басының пайдасы үшін кәсіпкер мен билік өкілінің (лауазымды тұлғаның) заңға қайшы әрекетке баруы.

ДЕМОКРАТИЯ

(көне грек δημοκρατία – «халық билігі», δῆμος – «халық» және κράτος – «билік» сөздерінен құралған) – үдерістің не оның маңызды бөліктерінің барысына қатысушылар бірдей ықпал ете алатын ұжымдық шешім қабылдау әдісі негіз болған саяси режім. Бұл әдіс барлық қоғамдық құрылысқа тән болғанмен, бүгінгі таңда ол негізінен тұтас мемлекетке қатысты, себебі негізгі билік мемлекеттің құзырында.

ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАР

Қазақстан Республикасының билік өкілдерінің қызметін тұрақты, уақытша не арнайы өкілеттілік арқылы орындайтын тұлғалар немесе ұйымдастыру, өкім ету, әкімшілік-шаруашылық қызметін жүзеге асыра алатын мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін өзі басқару органдарындағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскер мен әскери бөлімшелердегі тұлғалар.

АҚПАРАТТЫҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ

Қазақстан Республикасының заңнамасы:Қазақстан Республикасының заңдары мен Конституциясында белгіленген, мемлекет кепілдік беретін, әрбір азаматтың заңға қайшы келмейтін тәсілмен ақпаратты алып, тарату құқы.

Transparency International:Үкіметтің, кез келген мемлекеттік органның қызметі туралы негізгі мәліметтердің қолжетімділіне кепілдік беретін, заңмен бекітілген құқық; ол азаматтардың мемлекет құзырындағы ақпаратты ала алатыны туралы тұжырымдамаға негізделген.

МЕМЛЕКЕТТІ БАСЫП АЛУ

Заңдар мен заңды актілер шығару т.с.с. мемлекеттік саясат тетіктеріне ықпал ету мақсатымен жүзеге асатын мемлекеттік немесе жеке сектордағы жекелеген адамдар мен топтардың не фирмалардың әрекеті. Сол арқылы мемлекет меншігі мен қаржы қорын бөлуде жеке басының пайдасы көзделеді.

КУӘГЕРЛЕР МЕН САРАПШЫЛАРДЫ, ЗАРДАП ШЕГУШІЛЕРДІ ҚОРҒАУ

БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы: тұлғаларды қорғау мақсатымен басқа жаққа көшіру, орын алған жағдайға байланысты көмек көрсету туралы шешім қабылдау, жеке адам туралы, оның мекенжайы туралы мәліметті жария етпеу не ондай ақпаратқа шектеу қою.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ

қызмет орнын, мүмкіндіктерін пайдалана отырып, негізінен мемлекеттік қызметтегі тұлғалардың немесе соған теңестірілген басқа да адамдардың тікелей не басқа біреулер арқылы заңда көрсетілмеген жолмен мүліктік пайда табуы, сондай-ақ жеке адамның не заңды тұлғаның мемлекеттік қызметтегі тұлғаға не соған теңестірілген басқа да адамға заңсыз қандай да бір артықшылық беруі.

ПАЙДАКҮНЕМДІК

Белгіленген құқықтық нормалар мен материалдық игіліктерді бөлу тәртібінің келісімшарттарына қарсы әрекет ете отырып, біреудің мүлкі не құқығы есебінен баю не байытуды мақсат еткен сыбайлас жемқорлыққа негізделген құқықбұзушылық әрекеттердің бірі.

КЛИЕНТЕЛИЗМ

Көшбасшы мен серіктерінің – оған адал немесе тікелей бағынышты жақтастарының – өзара қарым-қатынасының ерекше түріне негізделген саяси құрылымды қоғам үлгісі. Жекелеген тұлғалардың – жекелеген көшбасшылардың өз «тобы», сондай-ақ патронажды-серіктік байланыстағы тұлғалық институттар, саяси, қаржылық топтар (ірі кәсіпорындар мен қаржылық-экономикалық құрылымдардан мемлекеттік билікке дейін). Мұндай топтарға негізінен томаға-тұйықтық, құрылымның сатылай тізбегі тән, сондай-ақ қорды бақылау құқығы үшін таласта өзара әрекеті де қалыпты бола бермейді.

Іс жүзіндегі заң, стандарттар мен қоғамдық құбылыстарға сәйкес барлық құқықтық, операциялық және қаржы талаптарына сай мемлекет орындары мен компаниялардың әрекеттеріне, жүйелері мен үрдістеріне қатысты атау.

КОМПЛАЕНС

Кәсіпкерліктегі комплаенс:кәсіпкерлікті құзырлы билік, кәсіби қауымдастық пен компанияның ішкі құжаттары негізінде белгіленген заңдар мен ережелер, кодекстер мен стандарттарға сәйкес жүргізу ұстанымдары. Қызмет түрі ретінде комплаенс компаниялар, клиенттері, контрагенттері, серіктестері мен қызметкерлері арасында әділдік, өзара сенім, ықпалдастық орнауын, мүдделердің тоғысуы, заңға қайшы келмеу, ішкі құқықтық және жарлық құжаттары бұзылмауын көздейді.

МҮДДЕЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚАЙШЫЛЫҚ

Қазақстан Республикасының заңнамасы:сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік қызметтегі тұлғалардың немесе соған теңестірілген басқа да адамдардың қызмет орнын, мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тікелей не басқа біреулер арқылы заңда көрсетілмеген жолмен өзі үшін не басқа біреу үшін мүліктік пайда табуы немесе басқа да артықшылықтарға ие болуы, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі тұлғаға не соған теңестірілген басқа да адамға заңсыз қандай да бір артықшылық беруі.

Transparency International:сыбайлас жемқорлық – пайда табу мақсатымен қызмет орнын асыра пайдалану.

БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында «сыбайлас жемқорлық» атауы былайша сипатталған:ұлттың көпшілік лауазымды тұлғаларына пара беру, шетелдің көпшілік лауазымды тұлғаларына пара беру, халықаралық ұйымдардың көпшілік лауазымды тұлғаларына пара беру, ұрлау, көпшілік лауазымды тұлғаның мүлікті заңсыз иеленіп, мақсатсыз қолдануы, жеке басының пайдасы үшін қызмет орнын, ықпалын жұмсауы, заңсыз баю, жеке секторға пара беру, жеке секторда мүлікті жымқыру.

Сыбайлас жемқорлық үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы Еуропа кеңесінің конвенциясы: Сыбайлас жемқорлық дегеніміз – қандай да бір міндеттің мүлтіксіз орындалуына кедергі болатын, тікелей не басқа біреу арқылы пара не басқа да басымдық беру, пара алу не басқа да артықшылыққа ие болу немесе пара не қандай да бір артықшылық талап ету.

Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Еуропа кеңесінің конвенциясы: сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің лауазымды тұлғаларына, ұлттық мемлекеттік жиындарға қандай да бір пара беру, жеке секторға қандай да бір пара беру, сыбайлас жемқорлық арқылы келген кірісті жасыру, пайда табу мақсатымен қызмет орнын пайдалану.

ЖОҒАРЫ БИЛІК ОРЫН-
ДАРЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС
ЖЕМҚОРЛЫҚ / АУҚЫМДЫ
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ /
ЖОҒАРЫ ЖАҚТАҒЫ
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ

Қызметтік өкілеттіліктерін жеке басының немесе топтың, сондай- ақ басқа да адамдардың пайдасына жұмсайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің, оның ішінде сайланушылардың әрекеттері: мысалы, мемлекеттік келісімдерді бергені үшін заңсыз сый- сияпатқа ие болуы.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚАТЕРІ

Қазақстан Республикасының заңнамасы:Сыбайлас жемқорлыққа негізделген құқықбұзушылықтарды тудыратын шарт-жағдайлардың қалыптасуы.

Сондай-ақ ғылыми әдебиетте басқа да анықтамалар бар: сыбайлас жемқорлыққа негізделген құқықбұзушылықты тудыратын құбылыс не құбылыстар жиынтығы [Балыков П.Н., Богданова Е.Л., Дорошкова О.А., Петерикова Ю.Е., Федотова М.В. Ресей Федерациясының кедендік органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы психологиялық жұмыстарды ұйымдастыру: әдістемелік нұсқаулар. - СПб., 2010].

Сыбайлас жемқорлық міндеттер орындалмай, мемлекеттік қызметкерлердің қызметін өтеп жүргендер үшін белгіленген тыйымдар мен шектеулерді ескермеуі, мемлекеттік қызметкердің кәсіби қызметін жүзеге асырудағы өкілеттігін асыра пайдалану салдарынан туындайды [Астанин В.В. Ресейдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты: қылмыс сипаты - М., 2009.].

Сыбайлас жемқорлық қатері – мемлекеттің атынан сөйлейтін лауазымды тұлғалармен байланысып, сыбайлас жемқорлыққа араласып кету мүмкіндігі. Сыбайлас жемқорлық қатері пара алушылардың сыбайлас жемқорлықты жандандыру бағытындағы әрекеттері негізінде қалыптасады, олар мемлекеттік қызметін пайдаланып, пара алу үшін әдейі бюрократиялық кедергілер жасайды. Сыбайлас жемқорлық қатері дегеніміз – респенденттің қандай да бір мәселені шешу барысында сыбайлас жемқорлыққа тап болып, жағдаятты бағалауы. Мысалы, милицияның көмегіне зәру болған азамат (автоинспекцияны қоспағанның өзінде) 27,4 % жағдайда сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келеді [Сатаров Г. Ресейдегі сыбайлас жемқорлық диагностикасы: социологиялық талдау. - М.: Фонд ИНДЕМ, 2008. - 280 б.].

КОРПОРАТИВТІ БАСҚАРУ

жұмыс нәтижесін барлық акционер, мүдделі тұлғалар арасында тең етіп, әділ бөлетін компанияның басқару тәсілі.

ЛОББИЗМ

(ағылшынның lobby деген сөзінен шыққан парламент депутаттары бөгде адамдармен сөйлесе алатын кулуарлар) – саяси партия, кәсіподақ, корпорация, кәсіпкерлер одағының т.б. (қысым көрсетуші топтардың) жеке және қоғамдық ұйымдардың әрекет ету тәсілі, парламент қабылдайтын шешімге ықпал ететін саяси жүйенің арнайы институты. Ең алдымен, лоббизм бюджеттік қаржы, қаржылық дотация, парламент комитеттеріндегі жетекші орындарға қатысты.

Лоббизм алғаш АҚШ-та пайда болды, мұнда лобистік қызмет 1946 жылдан беру федералды заңмен реттеліп отырады.

Transparency International:саясат пен биліктің немесе орындардың шешіміне әсер ету мақсатымен белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге бағытталған кез келген әрекет. Заң жүзінде рұқсат етілгенмен, мұндай әрекеттер кәсіпорындарға, бірлестіктер мен ұйымдарға, жеке адамдарға кері әсер етуі мүмкін.

Шетелдік сөздер сөздігі:лоббизм (ағылшынның «кулуары» деген сөзінен шыққан) – белгілі бір ұйымның мақсатын көздеп, заң шығарушылар мен мемлекеттік шенеуніктердің шешім шығаруына (белгілі бір заң жобаларын жасауға, биліктің тапсырмасын, жәрдемақы алуға) ықпал ететін (пара беру арқылы да) кәсіпкерлік агенттіктер мен кеңселер, ұйымдасқан топтың тармақталған жүйесін білдіретін атау.

ЖАУАПТЫ МЕМЛЕКЕТТІК
ҚЫЗМЕТТЕГІ ТҰЛҒА

Мемлекет пен мемлекеттік органдардың өкілеттік қызметін тікелей атқару үшін Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан Республикасының конституциялық және басқа да заңдарымен бекітілген қызметті атқаратын тұлғалар.

АҚШАЛАЙ ҚАРАЖАТТЫ
ЖАСЫРУҒА ҚАТЫСТЫ
ҚЫЛМЫСТЫ ЕСКЕРТУ ШАРАЛАРЫ

банкілік және банкілік емес қаржы мекемелерін бақылап, реттеудің жалпыға ортақ ішкі режімі, ақшалай қаражат пен басқа да құнды заттарды аударуға байланысты ресми және бейресми қызмет көрсететін жеке адамдар мен заңды тұлғалар. Сондай-ақ ақшалай қаражатты жасыруға мүдделі ұйымдарды өз өкілеттігіне сәйкес, ақшалай қаражатты жасыруға жол бермеу, оның түрлі жолдарын айқындау мақсатымен клиенттің, кейде меншік иесі – бенефициардың аты-жөнін нақтылап, күдікті әрекеттері туралы есеп беруін талап ете алады.

МЕРИТОКРАТИЯ

әлеуметтік шығу тегіне, қаржысына қарамастан, жетекші орындарда қабілетті азаматтар отыруы керек дегенді негіз ететін басқару ұстанымы. Негізінен екі түрлі мәнде жұмсалады. Атаудың бірінші мағынасы жетекшілер өздері арнайы баулыған дарындылардың арасынан тағайындалатын (мұндай жүйе белгілі бір деңгейде аристократияға да, демократияға да жат) жүйеге қатысты қолданылады. Екінші, жиі қолданылатын мағынасы – «табиғатынан дарынды, еңбексүйгіш адамдарға жағдай жасау» дегенді білдіреді. Кейін олар бәсекеге қабілетті болып, қоғамда өз орнын табады.

ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН ӨЗІ БАСҚАРУ

Жергілікті орындардағы мәселелерді жергілікті өзін өзі басқару орындары (институттар) арқылы шешуді мақсат еткен белгілі бір аумақтағы мекенжайын бойынша азаматтардың өзіндік ұйымдасуы.

НЕПОТИЗМ

Кәсіби біліктілігіне қарамастан, туысқандары мен достары ұсынған фаворотизмнің түрі, мүдделер тоғыспаушылығының көрінісі (мысалы, жұмысқа орналастыруда). Бұл сөздің ауқымы кең болғанмен, ол негізінен тар мағынада ғана қолданылады. Яғни белгілі бір тұлғаның мемлекет билігін нақты бір қызметке ие болу, көбінесе туысына жұмыс тауып бері мақсатында қолдануы.

БЕЙҮКІМЕТТІК ҰЙЫМ (БҮҰ)

Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін азаматтар мен беймемлекеттік заңды тұлғалардың еркімен құрылған бейкоммерциялық ұйымы (саяси партия, кәсіподақтар мен діни бірлестіктерден басқа).

ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕР

Заңнамаға қайшы келмейтін, ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін еркімен құрылған саяси партия, кәсіподақтар мен азаматтардың басқа да бірлестіктер. Қоғамдық ұйымдар бейкоммерциялық ұйым болып табылады.

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕР

Қазақстан Республикасының заңнамасы:Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына енбейтін орталық атқарушы органдар мен министрліктер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын, есеп беретін органдар, сондай-ақ құзыреттілік мәселесі бойынша жергілікті басқару органдары (осы пункттің екінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдарды қоспағанда) мен бейкоммерциялық ұйымдар, азаматтар бірлесіп құрған кеңесші, бақылаушы органдар.

ҚЫЛМЫСТАН ТҮСКЕН ПАЙДАНЫ ЖАСЫРУ

Қазақстан Республикасының заңнамасы:қылмыстық құқықбұзушылықтан түскен пайданың мүлкін аудару, айырбастау арқылы қылмыстық жолмен келген ақша мен басқа да мүлікті заңды айналымға түсіру, оның қандай жолмен келгенін, орнын, қай жаққа жіберілгенін, мүліктік құқын, кімге тиесілі екенін, оны қалай пайдаланғанын жасыру, сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған ақшаны және басқа да мүлікті жария ету.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ конвенциясы:қылмыстық жолмен келген кірісті жасыру, жария етпеу мақсатымен немесе қылмыстық жолмен ақша тапқан құқықбұзушының жауапкершіліктен құтылып кетуі үшін пайданың қылмыстық жолмен келгені белгілі болса да, мүлікті аудару не айырбастап жіберу.

ПАРА БЕРУ

жаргонизм, келісімшарт жасасқаны/тапсырыс бергені үшін орындаушы ұйымның
тапсырыс беруші ұйымның қызметкеріне бейресми түрде төлейтін ақшасы не басқа да мүлік.

КӘСІПОДАҚ

Азаматтардың кәсіби мүдделерінің ортақтығы негізінде ерікті түрде құрылған, мүшелерінің еңбек және басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғап, еңбек шарттарын жақсатруды мақсат ететін дербес, жеке мүшелігі тіркелген қоғамдық бірлестік.

ПРОТЕКЦИОНИЗ

Непотизммен салыстырғанда, әлдеқайда кең ұғым, мұнда дос-жарандарының белгілі бір қызметке қабілеті бар-жоқтығына қарамастан, жағдай жасалады. Бұл көбінесе қандай да бір қызметке тағайындаған кезде орын алады, сондай-ақ дискрециялық өкілеттілікті жүзеге асыруда да жиі кездеседі.

ПАССИВ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ

Өзіне жүктелген міндетке қарамастан, мемлекеттік қызметкердің қандай да бір істі орындағаны не оған жол бермегені үшін тікелей өзі не басқа біреу арқылы пара алуы не бопсалауы.

САЯСИ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ

мемлекеттік қызметкердің жеке басының не топтың, сондай-ақ басқа біреудің
пайдасы, саяси пайда (саяси баю) үшін өзіне жүктелген мемлекеттік-билік өкілеттілік пен құқықты, қызметін, мемлекеттік билік жүйесіндегі мәртебесін, мемлекеттік билік органындағы мәртебесін пайдалануы.

ЕСЕП БЕРУГЕ
МІНДЕТТІЛІК

Transparency International:жеке адам мен ұйымның (мемлекеттік, жеке, қоғамдық) қаржыны, сеніп тапсырылған мүлікті, өкілеттілігін дұрыс пайдалануы туралы есеп беру арқылы өз қызметіне жауапкершілігін көрсетуі.

АЖОХҰ (аудит жоғары органдарының халықаралық ұйымы):Есеп беруге міндеттілік тұжырымдамасы заң жүйесі мен есеп беру, ұйымдастыру құрылымы, стратегия, үрдістер мен әрекеттермен тығыз байланысты.
Яғни:

 заңда бекітілген өкілеттілік аясында есеп беру талаптарын сақтауға,
 жеке қызметі мен аудиторлық тексеру нәтижелерін бақылап, бағалау;
 қаржының дұрыс жұмсалғаны, заңға қайшы келмегені туралы есеп беру;
 ұйым қызметкерлерінің өз істері үшін жауапкершілікке тартылу мүмкіндігі.

Есеп беруге міндеттілік;ұйымда түрлі аудиторияға арналған арнайы құжаттар мен есептердің жүйелі түрде дайындалып, таратылуы. Онда ұйымның қызметі мен қол жеткізген нәтижелері көрсетіледі. Есеп міндетті не еркімен жасалуы мүмкін.

АШЫҚТЫҚ

Transparency International:Үкіметтің, кәсіпкерлік, қоғамдық ұйымдар мен жеке адамдардың өз қызметі, ережелер мен жоспарлар, үдерістер туралы ақпаратты ашық көрсетуі.

Басқа да анықтамалар:ашықтық – ұйымның қыржысы мен өндірістік қызметі, корпоративті басқару тәжірибесі туралы қажетті ақпаратты дер кезінде ашып көрсетуі. Сондай-ақ ашықтық қаржыға қатысты, қаржыдан тыс та ақпаратты, қауіпсіздік, басқа ұйымдарға қатысты ережелер, әлеуметтік жауапкершілігі туралы ақпаратты да қамтиды.

КӨПШІЛІК АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕП

тұрғындардың мүдделеріне қатысты заң актілері мен шешімдер туралы, жеке адамның өмірі мен жеке мәліметтерді сақтай отырып, әкімшіліктің көпшілікке ұйым, оның қызметі, шешімдері туралы ақпарат беруін қамтамасыз ететін рәсімдер мен ережелер.

ПАРА БЕРУ

лауазымды тұлғаның өзі не басқа адамның не заңды тұлғаның қызметін пайдаланып,
белгілі бір істі жасауы не оған тосқауыл болуы үшін лауазымды тұлғаға тікелей не басқа біреу арқылы қандай да бір заңсыз басымдық беру, уәделесу, келісу.

ЖЕКЕ СЕКТОРҒА
(КӘСІПКЕРГЕ)
ПАРА БЕРУ

Қазақстан Республикасының заңнамасы:коммерциялық не басқа да ұйымдарды басқарушыға ақша, құнды қағаз, басқа да мүлікті заңсыз беру, сондай-ақ қызмет орнын пайдаланып, белгілі бір әрекетке баруы үшін қандай да бір мүлікті заңсыз беру, сонымен қатар пара берушінің мүддесін көздеп, іске немқұрайдылықпен қарау, істі пара берушінің пайдасына шешіп беру сияқты коммерциялық әрекет.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ конвенциясы:жеке секторды ұйымдастыратын немесе сонда жұмыс істейтін адамның белгілі бір істі орындағаны не оған кедергі болуы үшін тікелей не басқа біреу арқылы қандай да бір заңсыз артықшылық беру туралы келесуі, уәделесуі, ұсыныс жасауы.

ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА
ПАРА БЕРУ

лауазымды тұлғалардың қызмет орнын өз мақсатына пайдалану үшін заңсыз материалдық құндылық беру не материалды сипаттағы қызмет көрсету.

САЯСИ ПАРТИЯ

Қазақстан Республикасының азаматтары мен түрлі әлеуметтік топтарының саяси еркін білдіретін, мемлекеттік биліктің атқарушы органдарында, жергілікті өзін өзі басқару орындарында олардың мүддесін көздейтін азаматтардың еркін бірлестігі.

ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕР

Жергілікті діни бірлестіктер (қауымдастықтар), діни басқарма (орталықтар), сондай-ақ діни оқу орындары мен мешіттер.

БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ
(БАҚ)

мерзімді баспасөз, радио- және телебағдарлама, кинодокументалистика, аудиобейнежазба т.с.с. бұқаралық ақпаратты мерзімді және үздіксіз таратудың басқа да түрлері, көпшілікке қолжетімді телекоммуникация тораптарындағы (ғаламтор т.б.) WEB-сайттар.

ТРАЙБАЛИЗМ

(ағылшын tribalism, tribe – тайпа) – тропикалық Африка сияқты әлемнің басқа да аймақтарындағы елдердегі тайпаларды атау үшін қолданылатын конституциялық құқық саласының термині. Трайбализм белгілі бір этникалық топ өкілдеріне басымдық берілуімен (мемлекеттік қызметке тағайындауда т.с.с.) сипатталады, сол арқылы бамсқалардың құқы шектеледі. Трайбализм іс жүзінде азаматтардың тең құқылы болуына кедергі болады, ол азамат соғыстарына да себеп болды (мысалы, Руанда, Сомали, Либерияда). Трайбализм Қазақстанда да орын алған. Ол белгілі бір жүзден не рудан шыққан адамдардың ашық не жасырын түрде бір-біріне қолдау білдіруінен көрінеді. Сол арқылы сыбайлас жемқорлық дендейді, себебі қандай да бір қызметке орналасуда адамның қабілеті, кәсіби шеберлігі есепке алынбай қалады.

ФАВОРИТИЗМ

(варв. латын сөзіне грек тіліндегі қосымша жалғанған: favor – мейірім) – Қызмет барысында белгілі бір адамға іш тартып, ерекше қамқорлыққа алу, жұмысқа кедергі келтіріп, әділетсіздікке жол беру.

ЖЕКЕ СЕКТОР

Ел экономикасының мемлекет тарапынан бақыланбайтын саласы. Жеке сектор жеке капиталға жататын үй шаруашылығы мен фирмалар түзеді. Жеке сектор экономиканың корпоративті, қаржылық және дербес секторы болып бөлінеді.

ЭТИКА

белгілі бір шешімдер мен әрекеттерге негіз болатын мемлекеттік ұйымдар мен компаниялардағы, қоғамдағы тәртіп ережелері, нормалар, стандарттар, құндылықтар.

ЭТИКАЛЫҚ КОДЕКС

белгілі бір қауымдастықтың этикалық ұстанымдары мен адамгершілікке қатысты ұстанымдарына сәйкес қауымдастық мүшелерінің тәртібін реттеп отыратын этикалық ұстанымдары мен ережелер жүйесі.

САЛҒЫРТТЫҚ

лауазымды тұлғаның өз ісіне жауапсыздықпен қарау салдарынан міндеттерін өз деңгейінде, талаптарға сай орындамауы, сол арқылы ұйым мен азаматтардың құқықтары бұзылып, заңды мүддесіне, қоғам мен мемлекет мүддесіне нұқсан келтіруі.

TRANSPARENCY
INTERNATIONAL

сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және оны дүниежүзілік деңгейде зерттеуге қатысты бейүкіметтік халықаралық ұйым. Transparency International халықаралық қозғалысы 1993 жылы Берлинде қалыптасты.

БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ (БҰҰ)

1945 жылы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтып, қолдау, мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту үшін құрылған халықаралық ұйым. Қазіргі кезде Ұйымға 193 ел мүше болып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының міндеті мен қызметі БҰҰ Жарлығында белгіленген мақсаттармен ұстанымдарға негізделген.

ЕУРОПАДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫ (ЕҚЫҰ)

қауіпсіздік мәселесімен айналысатын әлемдегі ең ірі аумақтық ұйым. Ол Солтүстік Америка, Еуропа мен Орталық Азиядағы 57 елді қамтиды.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ПЕН ДАМУ ҰЙЫМЫ (ЭЫДҰ)

Өкілдік демократия мен еркін нарықтық экономика ұстанымдарын негізге алған дамыған елдердің халықаралық экономикалық ұйымы. 1948 жылы Маршалл жоспары аясында Еуропаны экономикалық тұрғыдан қайта құруға бағытталған жобаларды реттеу мақсатымен құрылып, «Еуропалық экономикалық ынтымақтастық ұйымы» (ағыл. Organisation for European Economic Co-operation, OEEC) деп аталған.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МЕМЛЕКЕТТЕР ТОБЫ (СЖҚМТ)

1999 жылы Еуропа Кеңесі құрған халықаралық ұйым. Ұйымның негізгі мақсаты – мүше елдерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте көмектесу. СЖҚМТ мемлекеттердің қызметіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар (талаптар) енгізіп, осы стандарттардың сақталуын қадағалайды. Топ ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттағы кемшіліктерді айқындап, қажетті заңды, институционалды не жедел шаралар ұсынады. СЖҚМТ сыбайлас жемқорлықты айқындап, алдын алуға қатысты тиімді шешімдерді өзара алмасу алаңы саналады. Топқа 49 мемлекет енген. СЖҚМТ мүшелігі Еуропа елдерімен ғана шектелмейді. Алайда қазіргі кезде еуропалық елдердің ішінен бұл топқа АҚШ қана енген.